ШҚО-да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын өсірген 100 кәсіпкерге айыппұл салынды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында сауда ережелерін бұзған кәсіпкерлер жауапқа тартылып жатыр.

ШҚО-да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын өсірген 100 кәсіпкерге айыппұл салынды
Фото: Астана әкімдігі

ШҚО Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мәліметіне сүйенсек, өңірде жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген бағаны рұқсат етілген шектен асырып жіберген 100 кәсіпкерге жалпы сомасы 1 224 725 теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ тауарлардың бағасын көрсету кезінде заң талаптарын бұзған 46 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 

— «Сауда қызметін реттеу туралы» заңға сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына арналған сауда үстемесі өндірушінің немесе жеткізушінің бағасынан 15 пайыздан аспауға тиіс. Біз жеткізушілердің қызметіне ерекше назар аударамыз. Өйткені олардың белгілейтін бағасы дүкендердегі азық-түлік құнына тікелей әсер етеді. Биыл электрондық шот-фактураларды талдау нәтижесінде 40 жеткізуші жауапкершілікке тартылды, — делінген ақпаратта.

Тұз, күріш, қызанақ, картоп және мұздатылған балықтың сауда үстемесін бекіту кезінде заңбұзушылықтар анықталды. Белгіленген шектен ең жоғары асыру балық сату кезінде тіркелді. Оның сауда үстемесі 361 пайызға жеткен.

Сондай-ақ жиі кездесетін заңбұзушылықтардың қатарында тауарлардың бағасын жазып қоймау, сөрелердегі баға мен кассада төлеу кезінде талап етілетін соманың сәйкес келмеуі де бар.

Ірі дүкендердің бірінде балаларға арналған тауарлардың бағасы Ресей рублімен көрсетілген. Кәсіпкерге айыппұл салынып, заңбұзушылықты жою міндеттелді.

Еске салсақ, осыған дейін елде шұжық бағасы қанша екендігін жазғанбыз.