ШҚО-да алғаш рет есірткі таратып жүргендер туралы ақпарат берген адамға сыйақы төленді
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында алғаш рет есірткі таратып жүргендер туралы ақпарат берген адамға 305 мың теңге көлемінде сыйақы төленді.

ШҚО прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қаңтар айында өңір аумағында есірткі таратылып жатқанына қатысты ақпарат келіп түсті.
- Жүргізілген тиісті іс-шаралар нәтижесінде күдікті ұсталып, одан 60 грамнан астам синтетикалық есірткі тәркіленді. Сот-химиялық сараптама қорытындысы бойынша тәркіленген зат α-PVP психотроптық заты екені анықталды. Қазір ер адам уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған, - делінген ақпаратта.
Прокуратураға шынайы ақпарат берген азаматқа 305 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы төленді.
Айта кетейік, «STOP есірткі!» жобасы азаматтық қоғамды есірткінің таралуына қарсы күреске белсенді түрде тартуға бағытталған. Соның аясында есірткі туралы ақпарат берген адамға ақшалай сыйақы төленеді.
- Егер сізде есірткі таратып жүргендер туралы қандай да бір мәлімет болса 8-771-659-53-22 телефонына хабарлауыңызды сұраймыз. Жүгінген азаматтарға құпиялылық пен қауіпсіздікке кепілдік беріледі, - делінген хабарламада.
Еске салсақ, осыған дейін Атырау облысында 1 жылда 250 келіден астам есірткі тәркіленгені хабарланған.