ШҚО-да алғашқы өңірлік ғылым кеңесі өтті
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Бүгін Өскемен қаласында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті базасында алғашқы өңірлік ғылым кеңесі өтті.

Оның басты мақсаты — ғылым мен қоғам арасындағы байланысты нығайту, Шығыс Қазақстан облысының ғылыми-техникалық әлеуетін арттыру. Кеңес облыс әкімдігі мен техникалық университеттің тікелей ынтымақтастығы аясында құрылды. Қазіргі уақытта өңірде бірқатар ғылыми жобалар жүзеге асырылып жатыр, Шығыс Қазақстан ғалымдарының көптеген әзірлемелері өндірісте қолданылуда. Сондықтан қазіргі таңда ғылыми орта мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту аса маңызды, бұл идеялар мен жобалардың жүзеге асуына ықпал етеді.

— Кеңес билік, ғылым және бизнес арасындағы диалог алаңы болмақ. Егер біздің ғалымдар мен өнеркәсіп саласының өкілдері бірлесе жұмыс істейтін болса, ғылыми идеяларды табысты іске асырып, өндірісте жаңа жетістіктерге қол жеткізуге болады деген сенім бар, — деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Сондай-ақ өңірлік ғылым кеңесіне онлайн форматта ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысты.
— Біздің мақсатымыз — өндірістік міндеттерді шешу үшін университеттердің барлық әлеуетін жұмылдыру. Аймақтық жоғары оқу орындарында қалыптасып жатқан өсу нүктелерін ғылыми-техникалық мәселелерді тиімді шешуге пайдалану маңызды. Қаныш Сәтбаевтың «Тек өндіріс өмірімен тығыз байланысқан, өндірістің дамуына көмектесетін әрі оны жоғары технологиялық деңгейге көтеретін ғылым ғана алдыңғы қатарлы ғылым бола алады» дегені бар, — деді Саясат Нұрбек.
Кеңес өңірлік сын-тегеуріндер мен міндеттерді ескере отырып, ғылымды дамытудың басым бағыттарын айқындайтын стратегиялық функцияны атқарады, практикалық бағыттағы зерттеу қызметін дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар, кеңес отырыстарында қатысушылар қосымша қаржыландыруды немесе ведомствоаралық келісімді қажет ететін бастамалар, ғылыми жобалар мен бағдарламаларды талқылауға шығара алады.

ШҚО-дағы алғашқы өңірлік ғылым кеңесі аясында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде «Қорғаныш және функционалдық жабындар» атты Жастар ғылыми орталығының ашылуы өтті.
Айта кетейік, сәуір айының ортасына қарай дәл осы жоғарғы оқу орнында XI Халықаралық конференция ұйымдастырылған болатын. «Жастар шығармашылығы — Қазақстанның инновациялық дамуына» атты конференцияға студенттер, магистранттар, докторанттар және жас зерттеушілер қатысқан. Шараның мақсаты — жас ғалымдарды жан-жақты қолдау, олардың әлеуетін дамыту, білім мен тәжірибе алмасу, кәсіби байланыстар орнату.
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов та конференцияға қатысып, бірқатар ғалымға Алғыс хаттар табыс еткен.
Бүгінде Шығыс Қазақстан ғалымдары келешегі зор бағыттарды дамытып, жаңа материалдар мен технологияларды жасап жатыр. Олар студенттер мен жас әріптестерін зерттеу жобаларына белсенді тартуда, әрі өңір мен елдің дамуына зор үлес қосып келеді.