ШҚО-да алты жыл бұрын басталған Осинов асуының жолы биыл тағы салынып бітпейді

жол
Фото: Pixabay

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданындағы құрылысы жыр болған Осинов асуының жолы биыл тағы салынып бітпейді.

2018 жылы Өскемен-Алтай бағытындағы Осинов асуынан төте жолдың құрылысы басталған болатын. Бұл — өте маңызды жол.

Себебі Алтай ауданындағы Бұқтырма су қоймасына және Катонқарағай ауданына туристер тек осы жол арқылы жетеді.

Жол салушылар байқаусызда орман шаруашылығының жеріне кіріп кеткендіктен тоқтап қалған құрылыс жұмыстары 2023 жылы қайта жалғасқан еді.

Бұрынғы облыс әкімі Даниал Ахметов жаңа жол 2024 жылы салынып бітетіндігін айтқан.

Алайда бүгін ШҚО аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында құрылыстың биыл бітпейтіні мәлім болды. 

«Бүгінгі таңда 56-дан 72 шақырымға дейінгі учаскеге байланысты жобаға түзетулер енгізілген. Конкурс өткізіліп, мердігер компания анықталды. Ол — „Kurylys Group RK“ ЖШС. Өткен жылы қазан айында келісім жасалды. Биыл 3,9 млрд теңге бөлініп, оның 2,9 млрд теңгесі игерілді. 52-ден 53 шақырымға дейінгі аумақта жер қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 72-ден 88 шақырымға дейінгі учаскеге қатысты жобаға түзету енгізілуде. Жалпы құрылыс жұмыстары 2025 жылы аяқталады деп күтілуде. Себебі жолда биік тіректері бар үлкен және күрделі көпір салынуы тиіс», — дейді ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрбек Тұраров.

Соңғы жаңалықтар