ШҚО-да «Әміре» фильмінің көрсетілімі жүріп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстанда «Әміре» фильмінің көрсетілімі жүріп жатыр. Кинотуынды жарық жұлдыз, қазақтың тұңғыш драмалық тенор дауысы, біртуар әнші - Әміре Қашаубаевқа арналған, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңірлік әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтемемен.

ШҚО-да «Әміре» фильмінің көрсетілімі жүріп жатыр

Айта кету керек, біртуар тұлға Шығыс Қазақстанның Қайнар ауылында дүниеге келген. Биыл оның 130 жылдық мерейтойы тойлануда.  

Қала тұрғындарымен бірге туындыны облыс әкімі Даниал Ахметов те тамашалады. Аймақ басшысы фильм көрерменге әдеттегі туындылардағыдай көшпелі елдің тұрмысының бейнесін емес, қазақ болмысының басқа қырын жеткізгенін айтады.

«Біз Еуропадағы өмірдің бір сәтін және Әміре Қашаубаевтың басқа бейнесін көре алдық. Ол тек тума талант емес, ең бірінші, ұлы дала мәдениетінің бейнесі. Сондай-ақ, әйгілі әншінің ішкі мәдениетінің тереңдігін тани алдық. Әрине, оның бәрі кеудеге ерекше сезім ұялатады. Айтарым, бұл фильмде Еуропаны тәнті еткен біздің жоғары мәдениетіміз көрсетілген», - деді Даниал Ахметов.

Әміре Қашаубаев 1925 жылы EXPO аясында Бүкіләлемдік музыкалық байқауға, Парижге аттанады. Франция астанасында ол КСРО делегациясының әртісі ретінде төрткүл тарапты дүр сілкіндіріп, күміс жүлдені жеңіп алады. Ол Еуропа бұқарасына бірінші болып қазақтың вокалдық-орындаушылық өнерін көрсетіп, ұлттық аспабы - домбыраны танытады.   

«Фильм біздің қазақ зиялылары аяусыз қуғын-сүргінге ұшыраған тарихи кезеңді баян етеді. Фильмде ол туралы анық көрсетілмесе де, сол сұм жылдардың алғашқы парақтарын ашады. Біз ол туралы білеміз және тарихтың бұл кезеңі терең зерттелуі тиіс», - деді ШҚО әкімі. 

Айта кетсек, фильмде Әміре орындауында "Балқадиша", "Үш дос", "Дудар-ай" және "Бес қарагер" әндері орындалды. Түсірілім Латвияда, Лос-Анджелесте, сондай-ақ, Алматы облысының Үшқоңыр ауылында өтеді.