ШҚО-да арық тазалау жұмыстарына әскерилер жұмылдырылды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM –Шығыс Қазақстан облысында су тасқынының алдын алу шаралары жалғасып жатыр.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, таңнан бері Риддер қаласында тасқынды болдырмау мақсатында арықтарды қардан тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Тарбағатай ауданындағы 8 ауылда су өткізгіш құрылғыларды, арықтарды қардан тазалау жұмыстары қолға алынды. Ал, Глубокое ауданы Бобровка ауылындағы Бобровочка өзенінің көпірі қардан тазартылды. Шемонаиха ауданы да жұмыстар үздіксіз жалғасуда», - делінген ақпаратта.
Күршім, Алтай, Ұлан аудандарында су тасқыны қаупі бойынша жағдай аудан басшыларының бақылауына алынды. Барлық округ әкімдеріне жанар-жағармайды жеткілікті мөлшерде дайындауға тапсырма берілген.
Сондай-ақ Алтай ауданына қарасты Зубовск ауылында 68303 әскери бөлімінің 25 сарбазы арық тазалау жұмыстарына көмектесіп жатыр.