ШҚО-да арнайы операция кезінде гашиш жеткізумен айналысқан 4 адам ұсталды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында гашиш жеткізумен айналысқан 4 адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, полицейлер есірткі заттарын жеткізудің екі арнасының жолын кесу мақсатында арнайы операция өткізді.
«Бірнеше күн ішінде өңір аумағына канабиоидты есірткіні әкелу мен сатуды ұйымдастырған 30-45 жас аралығындағы 4 ер адам ұсталып, қамауға алынды.

Олардың екеуі гашишті Өскемен қаласына, тағы екеуі Зайсан ауданына жеткізіп отырған. Күдіктілердің тұрғылықты жерлерін тінту кезінде шамамен 5 келі гашиш және есірткі сатудан түскен қомақты қаражат тәркіленді», - деді облыстық ПД бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.
Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 293-бабы бойынша тергеу жүргізілуде. 4 ер адам 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.



