01:09, 01 Маусым 2016 | GMT +5
ШҚО-да аудан орталығында ақын Абайға 7 метрлік ескерткіш орнатылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының орталығы Ақсуат ауылында ұлы Абайдың еңселі ескерткіші бой көтерді. Биіктігі 7 метрдей тас тұғыр орталық алаңның ажарын аша түсті, деп хабарлайды 24.kz телеарнасы.

Ескерткіш авторы Қазақстан сәулетшілер одағының мүшесі Әлібек Шоқанов. Жалпы алып мүсінді орнатуға жергілікті кәсіпкерлер «Туған жерге тағзым» акциясы аясында 3,5 млн теңге жұмсалған. Ал оның маңайы аудандық бюджет есебінен абаттандырылған.
«Биыл тағы 2 ескерткішті жеке кәсіпкерлер есебінен салғызамыз. Сол ескерткіштердің маңында адамдар демалатын, балалар ойнайтын алаңдар салуымыз керек. Оның бәрі жергілікті бюджет есебінен жүргізілетін болады», деді Тарбағатай ауданының әкімі Ділдабек Оразбаев.