ШҚО-да ауыл тұрғыны тазы баптап, арқан тартып, қыш құмыра жасайды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақжар ауылында тұратын Мейір Жетпісовтің бойында бір емес, бірнеше өнер бар. Атап айтқанда, тазы баптап, шырға тарту бәсекелерінде жүлде алып жүр. Әрі қыш құмыра жасауды оқушыларға үйретумен айналысады. Арқан тартыста да шеберлігін шыңдап, аудан кұрамасының қатарында өнер көрсетеді. Kazinform тілшісі Мейір Жетпісовті әңгімеге тартып көрді.
— Кейінгі жылдары облыс көлемінде тазы баптауға ден қойған азаматтар саны артып келеді. Ұлан ауданы мен Риддер қаласында ауқымды жарыстар да өтіп тұрады. Өзіңіз осы уақытқа дейін қандай жарыстарға қатыстыңыз?
— Жалпы, Шығыс Қазақстан бойынша қазір тазы жүгіртетін жігіттер саны көбейді. Бірі итін аңшылыққа алып жүрсе, бірі шырға тарту сайыстарына қатыстырғысы келеді. Негізі тазының күтімі де өзінше қиын ғой. Бірақ бабаларымыз бұрыннан оны саятшылыққа баулып, жыртқыштарды да соның көмегімен алған кездері болған. Қазір Лашын атты тазыммен біртіндеп жүлде алып жүрмін. Сезімтал. Бірақ өзі ашуланып, бөгде адамға тарпа бас салу деген жоқ.
— Былтыр Ұлан ауданы Бозанбай ауылында ұйымдастырылған «Шығыс Салбурыны» халықаралық фестиваліне де қатысқаныңызға куә болдық. Ол жердегі бәсекелестік қалай болды?
— Иә. Ол жарыста да мол тәжірибе жинадық. Сайыстың өзі бірнеше кезеңнен тұрды. Лашынға ол кезде қатты сендім.
— Кей тазы түрлі жағдайға байланысты жарыстардан шет қалып жатады. Жарақат кедергі болуы мүмкін. Ұландағы жарыста Лашын бабында болды ма?
— Иә, бауырын жазып, көсілді. Бозанбайдағы сайыста 2023 жылғы жетістігін қайталап, екінші орын иеленді. Ол кезде жасы 3-те болатын. Екі жыл бұрын жарақаты болғандықтан қатыса алмадық. Өткен жылы жарақаты жазылып, жоғары дайындықпен бардық.
— Шырға тарту жарыстарында әсіресе, финалда иттер мәреге таяғанда жұрт қолдау көрсетеміз деп қиқуға басады. Содан кейбір тазы жан-жаққа қарап аңтарылып қалады. Бұған не айтасыз?
— Мәреде тұрып айқайлауға болмайды. Бұл дұрыс емес. Иттерге кедергі келтіреді. Талай иттің бағын байлайтын да осы. Бір шақырымды жоғары жылдамдықпен еңсеріп келе жатып, мәреге санаулы метр қалғанда адамдардың шуынан тоқтап қалып жатты. Соны ұйымдастырушылар келесі жарыста ескерсе екен.
— Қыш құмыраны қашаннан бері жасап келесіз? Ол туралы идея қалай келді?
— Ақжар ауылындағы Өнер мектебінде мұндай үйірме екі жыл бұрын ашылды. Қуанышқа орай, бірден ынта қойып, үйренуге ниетті ұл-қыздар қарасы көп болды. Арнайы білім алдым деп айта алмаймын. Өзім әу баста бұған қатты қызықтым. Икемім де келеді екен.
— Өзіңіз қолданатын арнайы әдіс бар шығар?
— Қазір әлеуметтік желі дамыған ғой. Көбін сол жерден үйрендім. Шетелде де, Қазақстанда да қалай жасап, балшықты қалай илеу керектігі көрсетілген. Небір қолөнершілер бар. Солардан керегін алып, көрген-түйгенімізді шәкірттерімізге жеткізуге тырысамыз.
— Шәкірттеріңіз көп пе?
— Бірнеше сынып оқушысы сабақ ыңғайына қарай келіп, қатысып тұрады. Ақжар ауылында ата-аналар бауыр еті баласы гаджеттерден алыстап, осындай үйірмелерге баруын үнемі қолдайды. Соңғы уағытта қыш құмыра жасауды үйренемін деген балалар саны көбейді.
— Кәдімгі балшықты қолданасыз ба?
— Иә. Табиғи, таза балшық. Қай ауылға барсаңыз да табыла кетеді. Кейін қол былғанғанда жуып, кетіруге де оңай.
— Сіздің ойыңызша, ұлттық өнерге қызығатын жастар көп пе?
— Ауылдарда көп кездеседі. Төл өнерімізді қашан да қолдау керек деп ойлаймын. Өзім тазы баптап, құмыра жасап, ұстаздық қызметтен бөлек, ауданның арқан тартыс құрамасындамын. Арасында домбыра тартатыным да бар.
— Арқан тарту спорты ауданда қаншалықты дамыған?
— Арқан тартыстан жетістікке жету үшін көп дайындық керек. Бізде де бұл спорт түрі біртіндеп қолға алынып келеді. Бірнеше жылдан бері аудан құрамасында өнер көрсетіп жүрмін. Қазір Риддер қаласы мен Ұлан ауданы командалары облыста мықты болып тұр. Таңсәріден ерте тұрып, спортты серік еткен бірнеше жігіт үзбей жаттығу жасаймыз. Алдағы уақытта нәтиже көрсететінімізге сенімдіміз.
— Әңгімеңізге рақмет!
Еске салайық, осыған дейін Астанада Қазақ тазысы күніне арналған челлендж өткені хабарланған.