ШҚО-да ауыл халқының арызынан соң алтын фабрикасын салатындарға қатаң талап қойылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылы халқының наразылығынан соң алтын өндіру фабрикасын салатын компанияларға бірқатар талап қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да ауыл халқының арызынан соң алтын фабрикасын салатындарға қатаң талап қойылды

Маралды ауылының тұрғындары алтын өндіру фабрикасы салынатынын естігенде наразылығын білдіріп, Президенттің атына хат жазған.

Биылғы маусым айында аталған мәселеге орай қоғамдық тыңдау да өткен еді.

Тамыз айының аяғында өңірге ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев келгенде халық өз арыз-шағымдарын тағы айтқан.

Соған орай қыркүйектің 16-сы күні министрліктің экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасов Маралды ауылына барып, тұрғындармен кездесті.

Бұған дейін ШҚО Экология департаменті жұрттың қарсылығын ескере отырып, алтын өндіру фабрикасын салатын компанияларға бірқатар ескерту жасаған.

Атап айтқанда, алтын өндірудің табиғатқа залал келтірмейтін балама әдісін қарастыру, қосымша табиғат қорғау іс-шараларын әзірлеу, учаскелерге гидрогеологиялық зерттеу жүргізу.

Аталған ескертулер орындалғаннан кейін оларға экологиялық рұқсат берілді.

«Кездесу барысында тұрғындардың талабы бойынша компанияларға іргелес аумақты көгалдандыру, жерасты мониторинг желісін құру, датчиктерді үздіксіз бақылау және фабрика құрылысының учаскесін Маралды ауылынан 10 шақырым қашықтыққа ауыстыру ұсынылды. Сондай-ақ «Maralicha ГРК» ЖШС-не және «Maralicha-Gold ГРК» ЖШС-не лицензиялық бақылау постын өткізу және оның шарттарының сақталуын егжей-тегжейлі зерделеу үшін хабарлама жіберіледі. Өрескел заңбұзушылықтар анықталған жағдайда лицензиядан айыру мәселесі қаралады», - деп хабарлады комитеттен.


Фото: wallup.ne