ШҚО-да ауыл шаруашылығы басқармасы шенеуніктеріне айыппұл салынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ШҚО-да ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары қызметтiк жалғандық үшін жауапкершіліке тартылды, деп хабарлайды Өскемен қаласының № 2 сотының баспасөз қызметі.

ШҚО-да ауыл шаруашылығы басқармасы шенеуніктеріне айыппұл салынды

Өскемен қаласының № 2 соты ҚК-нің 307-бабының 2-бөлігі, 314-бабының 2-бөлігі (қызмет өкiлеттiгiн теріс пайдалану, қызметтiк жалғандық) бойынша Е.Қуанышевқа қатысты, ҚК-нің 28-бабының 5-бөлігі, 307-бабының 2-бөлігі, 314- бабының 2-бөлігі (қызмет өкiлеттiгiн теріс пайдалану, қызметтiк жалғандық жасауға жәрдемдесу) бойынша Е.Батхолдинге қатысты қылмыстық істі қарады.
Сотта анықталғандай, Е.Қуанышев ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы жетекшісінің орынбасары болған кезінде, Е.Батхолдин ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы ветеринария бөлімінің басшысы болып қызмет атқару барысында жануарлардың жемтіктерін және биологиялық материалдарды өртеуге арналып жеткізілген техниканың қажетті талаптарға сәйкес еместігіне қарамастан, жеткізу актілеріне жабдықтарға шағымдар жоқтығы туралы жалған мәліметтер енгізген.
Соттың үкімімен Е.Қуанышев ҚК-нің 307-бабының 2-бөлігі, Е.Батхолдин ҚК-нің 28-бабының 5-бөлігі, 307-бабыың 2-бөлігі бойынша қылмыстық құрамның жоқтығына байланысты ақталды. ҚК-нің 314-бабының 1-бөлігі бойынша Е.Қуанышевқа және Е.Батхолдинге мемлекеттік органдарда және ұйымдарда мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан 3 жыл мерзімге айыра отырып, 3 704 000 теңге көлемінде айыппұл тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.