ШҚО-да ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 4 есеге артады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында келесі жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 4 есеге артпақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 4 есеге артады

ШҚО Ақпарат орталығының мәліметіне сүйенсек, өңірде өсімдік шаруашылығын дамыту бағдарламасы іске асырылып, жем-шөп дақылдары алқаптарын ұлғайту және егістіктерді әртараптандыру жұмыстары жүргізілуде.

«Биыл күнбағыстың егіс алқабы 40 мың гектарға, рапс – 3,7 мың гектарға, жүгері - 3,4 мың гектарға ұлғайды. Бұдан бөлек, инвестициялық жобаларды іске асыру және су шаруашылығы объектілерін пайдалануға беру 2025 жылға қарай суармалы жерлердегі жемшөп дақылдарының алаңын 28 мың гектарға арттыруға мүмкіндік береді. Агроөнеркәсіптік кешенде екі ірі май экстракциялық зауыт салу көзделген. Олардың біреуі бүгінде пайдалануға берілген», - делінген хабарламада.

Жобаларды іске асыру нәтижесінде, майлы дақылдарды өңдеу көлемі жылына 600 мың тоннаға ұлғаяды. Осылайша, осы объектілерді іске қосу арқылы 2022 жылға қарай қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 4 есеге артпақ.