ШҚО-да айыппұл төлемеген 216 жүргізушінің көлігі тұраққа жеткізілді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері 216 борышкердің көлігін айып тұрағына қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да айыппұл төлемеген 216 жүргізушінің көлігі тұраққа жеткізілді

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары «Борышкер» жедел алдын алу шарасы аясында мемлекет бюджетіне 21 миллион теңгеден астам қаражат өндірді.

«Төленбеген айыппұлы бар 216 жүргізушінің автокөлігі мамандандырылған тұраққа жеткізілді. Оның ішінде 74-і Ресей Федерациясында, екеуі Арменияда есепте тұрған көлік. Бұдан бөлек, әкімшілік айыппұлды төлеу тәсілдері туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Барлығы 1 мыңнан астам жүргізуші мен 5 мыңнан астам тұрғын үй қамтылған», - дейді департамент бастығы Сағат Мәдиев.

Мәселен, шара барысында жол ережесін үнемі бұзып жүрген Глубокое ауданының тұрғыны анықталды. Оның жалпы сомасы 100 мың теңгеден асатын 15 айыппұлы бар болып шықты. Жүргізушінің көлігі борышын толық өтегенге дейін арнайы тұраққа қойылған.