ШҚО-да аз қамтылған отбасыларға азық-түлік пен маска таратылуда
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында «Біз біргеміз!» акциясы аясында қайырымдылық шаралары қолға алынуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ауданның елжанды азаматтары, ірі шаруа қожалық иелері мен жеке кәсіпкерлер игі мақсаттағы іс-шараларға білек сыбана қатысып жатыр.
«ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елімізді береке-бірлікке шақырған құнды мақаласын жариялап, өтпелі кезеңде жұдырықтай жұмылу қажеттігіне ерекше тоқталды. Осы орайда Үржар ауданындағы барлық ауылдық округтерде аз қамтылған отбасыларға, көпбалалы жанұяларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға азық-түлікпен бірге құрбандыққа шалынған мал еті таратылуда», - дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Елдос Бейсенов.
Оның айтуынша, «Біз біргеміз!» акциясына Бақты ауылындағы әр жылдардағы мектеп түлектері, білім ордаларының ұжымы, мемлекеттік қызметкерлер, дәрігерлер, волонтерлер және жерлес спортшылар үлес қосуда.


«Олар тұрғындарға азық-түлік дорбалары мен медициналық маскалар таратты. Жалпы төтенше жағдай жарияланғаннан бері аудан бойынша 20 млн теңгеден астам қаржы мөлшерінде қайырымдылық шаралары жүзеге асырылды. Алдағы уақытта игілікті істер жалғасын таба бермек», - дейді бөлім басшысы.
