ШҚО-да азық-түліктің қымбаттауына жол бермеу үшін 1 мыңнан астам кәсіпкермен келісімшарт жасалды
ШҚО Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметіне сүйенсек, өткен жылы өңір бойынша арзандатылған бағадағы жеміс-көкөніс өнімдері 23 сауда павильонында сатылған. Ал осы жылдың ақпан айынан бастап сату нүктелерінің саны 68-ге дейін ұлғайды.
«Қалалар мен аудандардың әкімдіктері Мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесіп сауда орындарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының рұқсат етілген сауда үстемесінен асып кетуінің алдын алу мақсатында бақылауды күшейтті. Сонымен қатар 1046 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен, көтерме сатушылармен және сауда орындарының иелерімен ең төменгі 7-10% сауда үстемесін қолдану туралы меморандумдар жасалды. Жалпы облыс бойынша 17 әлеуметтік дүкен және 227 әлеуметтік бұрыш жұмыс істеп тұр», - дейді басқарма басшысы Елдос Байрахметов.
Оның айтуынша, азық-түлік тапшылығын болдырмау мақсатында қалалар мен аудандардың әкімдіктері сауда орталықтары мен азық-түлік дүкендерінде тұрақты негізде әлеуметтік маңыздағы тауар қорына мониторинг жүргізуде.