ШҚО-да БАҚ өкілдері арасында футбол мен волейболдан турнир өтті

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай журналистер арасында футбол мен волейболдан турнир өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Журналистер одағының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы мен ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырған доп додасы 25-26 маусым күндері өтті. Тартысқа толы болған турнирге өңірдегі түрлі БАҚ-тарда еңбек етіп жүрген журналистер қатысты.

«Осындай турнир облыста соңғы жылдары ұйымдастырылмай кеткен еді. Басты мақсат – әріптестердің басын қосып, ынтымақтарын арттыру. Алдағы уақытта турнирдің аясын кеңейтіп, басқа да спорт түрлерін қосу ойымызда бар. Ұйымшылдық танытып, жарысқа белсенді қатысқан барша әріптестерге рахмет! Демеушілік көрсеткен өңір кәсіпорындарына да алғыс білдіремін», - деді ҚР Журналистер одағының ШҚОФ төрағасы Азамат Қасым.

Турнир қорытындысы бойынша волейболдан «Altai» телеарнасының ұжымы жеңімпаз атанды. Екінші орынды Шығыс Қазақстан облыстық «Менің өлкем» газеті иеленсе, Семейден келген «Алаш» командасы үздік үштікті түйіндеді.

Ал футболдан «Шығыс Ақпарат» ЖШС-ның ойыншылары үздік атанды. «Altai» телеарнасы екінші орынға жайғасса, Көкпекті ауданының құрамасы үшінші орынды иеленді.

Орын алған командаларға ақшалай сыйлықтар және барлық қатысушыларға естелік кәдесыйлар табыс етілді.


Соңғы жаңалықтар