ШҚО-да балалардың құқығын қорғау үшін арнайы Telegram-бот іске қосылды

бала
Фото: pexels.com

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы балалардың құқығын қорғау үшін «Ұрпақ» жобасын қолға алып, арнайы Telegram-ботты іске қосты.  

Өңір прокуратурасы «Ұрпақ» жобасына бастамашы болып отыр. Соның аясында Telegram мессенджерінде «vko_urpaq_bot» атты бот жасалған. Балалар құқығының бұзылуы туралы ақпаратты жинауға арналған автоматтандырылған жүйе арқылы жедел ден қойылып, өтініш берушілерге шұғыл көмек көрсетіледі.

«Бала тәрбиесі және оның негізгі құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету мәселесі прокуратураның ерекше бақылауында. Бүгінгі таңда мемлекет балаларға қатысты заңсыз әрекеттер, соның ішінде зорлық-зомбылық және буллинг үшін жауапкершілікті күшейту бойынша маңызды шараларды қабылдап жатыр. Мұндай фактілердің алдын алу үшін прокуратура жаңа әдістерді қолданады. Telegram-боттың функционалдығы әртүрлі форматтағы (фото, аудио, бейне, Word) келіп түскен хабарламаларды өңдеуге мүмкіндік береді», - деп хабарлады ШҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен.

Кез келген адам мен бала шұғыл көмек сұрай алады немесе балаларға қауіп төндіретін ақпаратты (ашық люктер, жолдағы жағдай, қаңғыбас иттер және т.б.) жібере алады.

«Телеграм-бот қылмыстың алдын алу алаңы болады деп сенеміз. Ол үшін зорлық-зомбылықтың немесе балалар құқығының кез келген бұзылуына куә болған азаматтарды бұл туралы @vko_urpaq_bot чат-ботына хабарлауға шақырамыз. Анонимді түрде хабарласу мүмкіндігі де бар», - делінген ақпаратта.

Соңғы жаңалықтар