ШҚО-да балалардың сапалы білім алуға деген құқықтарының өрескел бұзылғаны анықталды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM - Шығыс Қазақстан облысы Үлкен Нарын ауданында ерекше білім беруді қажет ететін балаларға заңда белгіленген аптасына 19 сағаттың орнына небәрі 8 сағат үйден оқыту сабағы өткізілген.

құжат
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Прокуратура қызметкерлері жүргізген тексеру барысында жеке оқу жоспарларына міндетті пәндердің енгізілмегені, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның ұсынымдары орындалмағаны анықталды. 

Сонымен қатар сабақ өткізуге тиісті арнайы даярлығы жоқ педагогтер тартылған.

Бұдан бөлек, іс жүзінде өткізілмеген сабақтар үшін мұғалімдерге заңсыз ақы төлеу фактілері де анықталды.

— Тексеру барысында балалардың сапалы білім алуға деген құқықтарының өрескел бұзылғаны анықталды. Прокурорлық ден қою шаралары қабылданып, балалардың құқықтары қалпына келтірілді, — деп хабарлады ШҚО прокуратурасынан.

Прокуратураның араласуынан кейін 4 мектептің басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ал 8 педагог негізсіз алған қаражатын бюджетке қайтарды.

Қадағалау органының қызметкерлері кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және білім беру сапасын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастырып жатыр.

Еске салсақ, осыған дейін СҚО-да мектеп мұғалімдерін ақша жинауға мәжбүрлегені хабарланған.