ШҚО-да Балаларды оңалту орталығы ашылды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облыстық Ана мен бала орталығы базасында Балаларды оңалту орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Медициналық мекеме «Қамқорлық» бастамалар форумы аясында ашылды. Бүгінде дәл осындай орталықтар еліміздің сегіз өңірінде өз жұмысын бастаған. Оңалту орталықтары бес мың баланың аяққа тұрып, еміне шипа табуына мүмкіндік береді. Мұнда ең жоғары технологиялық жабдықтар мен оңалтудың ең озық әдістемелері пайдаланылады.
Ана мен бала орталығының невропатолог дәрігері Азамат Райымбековтың айтуынша, осы саладағы білікті мамандарды даярлау - Қазақстандағы оңалтуды дамытудың негізгі факторы. Дәрігердің өзі бала кезінен церебральды сал ауруымен ауырғандықтан, ешкім бұл жұмыстың маңыздылығын дәл өзі сияқты түсінбейтінін жеткізді.
«Бала кезімде жыл сайын оңалту орталықтарында емделіп жүргенімде дәрігер болуды және болашақта өзім сияқты балаларды емдеуді мақсат еттім. Бүгін осы мақсатқа жетіп отырмын. Еліміздің сегіз өңіріндегі оңалту орталығында жұмыс істеу үшін даярлықтан өткен 220 маманның бірімін. Біздің әрқайсымыз үшін мамандығымызға сәйкес сапалы үш сатылы оқыту бағдарламасы әзірленген. Жыл бойы Астана медицина университетінің және балаларды оңалту ұлттық орталығының ғалымдары дәрістер оқып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Енді жұмыс орнында біліктілікті арттыру және шетелдік тәлімгерлерден сабақ алу жоспарлануда. Біз ең үздік медициналық техникамен жабдықталған заманауи оңалту орталықтарының ашылып жатқанына қуаныштымыз», - деді Азамат Райымбеков.
Оның айтуынша, оңалту орталығының ашылуы – бұл медицина саласының дамуындағы тың қадам ғана емес, ерекше қажеттіліктері бар балалардың армандарын орындау мақсатында жасалған жаңа мүмкіндік.
Айта кету керек, өңірде ерекше балаларға көп көңіл бөлінуде. 2015 жылы ШҚО әкімі Данил Ахметовтың бастамасымен Өскеменде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Ақ Ниет» облыстық мектеп-интернаты ашылған болатын. Онда балалар қажетті медициналық процедуралардан өтіп, инклюзивті білім алуда.