ШҚО-да балаларға ғылыммен айналысуға мүмкіндік беретін заманауи орталық салынады

Аймақ басшысы Даниал Ахметов білім, мәдениет, спорт және құрылыс басқармаларының басшыларымен «Зерде» ғылыми-шығармашылық орталығын салу жобасын талқылады.
«Орталықта ғылыми зертханалар, музей экспозициялары мен шығармашылық сыныптар болады. Өңірдің дарынды балалары жасанды интеллектке, кванттық физикаға, ғарышқа қатысты білімдерін арттырып, зерттеулермен айналысатын болады. Олар ең озық әлемдік жабдықтарды пайдаланады. Осылайша, біз балалар жасаған кішкентай болса да өте маңызды ғылыми жаңалықтардың куәсі болып қалуымыз мүмкін», - деді облыс әкімі.
Оның айтуынша, балалар міндетті түрде ғылыммен айналысулары керек. Оларды кішкентай күнінен ынталандырып, шабыттандырып отырған дұрыс.
«Орталықта 18 ғылыми зертхана, қолөнер, көркемөнер және аспаздық шеберханалары, музыкалық сыныптар, спорт және ойын залдары қарастырылған. Кішкентай бүлдіршіндерді ертегілер әлеміне жетелейтін зал болады. Археологиялық мұражайға да орын табылады. «Зерде» орталығы жұрт отбасылармен келіп, күні бойы жақсы демалыс өткізетін орынға айналады. Мамандарға жоба барысында болашақта балаларды қызықтыратын тың дүниелерді ескеруге кеңес бердім», - деді Даниал Ахметов.