ШҚО-да балық аулау кезіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтамаған 4 адам суға батты
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары балық аулау кезіндегі қауіпсіздік ережелерін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, күз келісімен әуесқойлар балық аулауға жиі шығады. Алайда олардың арасында балық аулау кезіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтамайтындар жоқ емес.
Облыс су айдындарында соңғы екі жылда балық аулаудағы қауіпсіздік ережелерін бұзған 4 адам батып кетті. Осы ретте, құтқарушылар жазатайым оқиғаларды талдап, балықшылардың қаза болу себептерін анықтады.
«Балықшылар көп жағдайда мас күйде қайықтан құлап көз жұмып жатады. Мұз үстіне шығып балық ауламақ болғандар арасында да суға кеткендер бар. Қайықпен балық аулаған кезде суға құламас үшін тепе-теңдікті ұстай білу маңызды. Егер қайық ішінде орын ауыстыру қажет болса, онда баяу, сәл бүгіліп қозғалыңыз. Егер су айдынында толқын қатты болса, онда басқа жерге жүзіп барыңыз», - дейді облыстық ТЖД жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы Андрей Вебер.
Оның айтуынша, қайықтағы балықшыларда міндетті түрде құтқару кеудешесі болуы тиіс. Өкінішке қарай, тұрғындар бұл қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамай жатады.