ШҚО-да батареяға қыстырылып қалған баланы күйік шалды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында екі бала құтқарылды. Олардың бірін құтқарушылар ағаш басынан түсірсе, екіншісін жылу батареясының арасынан шығарып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат altaynews.kz сайтына сілтеме жасап.

ШҚО-да батареяға қыстырылып қалған баланы күйік шалды

Риддерде 15 жастағы жасөспірім ағаш басында бір сағаттан астам отырған. Анықталғандай, ол ағашқа әткеншекті жөндеу үшін шыққан. Бірақ өз бетімен кері түсе алмай қалған.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары Иванды сатының көмегімен түсіріп алды. Оның жағдайы жақсы.


Ал Семейде ата-анасымен бірге шаңғы базасынан оралған 11 жасар бала батарея түбінде жылынбақ болған. Кенет қолы батарея арасына кіріп кетіп, шықпай қалған. Жақындары оған өз бетімен көмектесуге тырысқан. Алайда, құтқарушылардың жәрдемі қажет болған.

«Құтқарушылар бөлімі шақырту бойынша дереу жетіп, балаға көмек көрсетті. Кейін жедел жәрдем мамандары оның қолын танып берді. Оның білегін күйік шалды», - деді ШҚО ТЖД-дан.

Бала ауруханаға жатудан бас тартқан.