ШҚО-да белгісіз біреу көзді жасаурататын газ шашқан

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскемен прокуратурасы қалалық медициналық колледж ғимаратында белгісіз біреу көзден жас ағызатын газды шашқанын айтты, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ШҚО-да белгісіз біреу көзді  жасаурататын газ шашқан

Бүгін ШҚО ІІД «102» арнасына  Өскемен мемлекеттік колледжі өкілінен хабарлама түсті. Педагог сағат 14.00-де ғимараттардың бірінде көзді жасаурататын газ шашылғанын айтқан. Ащы зат уытының әсерінен 10 студент зардап шеккен. Олар 1-ші қалалық ауруханаға жеткізілді.

Токсиколог дәрігердің тексеруінен кейін барлық студенттер ауруханаға жатудан бас тарып, үйлеріне қайтты. Жастардың жағдайы қалыпты деп бағалануда. Студенттерге «тітіркендіргіш заттан уланған» деген диагноз қойылды. Өскемен ІІБ «Бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Прокуратура тергеу барысын ерекше бақылауға алды.