ШҚО-да белгілі санаттағы азаматтар үшін жеңілдік тарифі бекітілді
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — ШҚО прокуратурасының араласуымен экологиялық жағдайға байланысты белгілі санаттағы азаматтар үшін жеңілдік тарифі бекітілді. Бұл туралы облыстық прокуратура мәлім етті.

— Самар ауданы прокуратурасы тұрғын ҮКШ саласындағы заңдылықтың сақталуын талдау барысында, жергілікті атқарушы органмен Экологиялық кодекс талаптары бұзылғанын анықтады. Тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және көму тарифін бекіту шаралары ұзақ уақыт бойы қабылданбағаны анықталды, — делінген хабарламада.
Қадағалау органы араласқанға дейін қолданыста болған көрсеткіш 2013 жылы аудандық ТКШ бөлімімен өз бетінше бекітілген болатын.
— Қадағалау актісі бойынша бұл заңбұзушылық жойылып, аудан мәслихатының шешімімен тиісті көрсеткіш бекітілді. Прокуратураның бастамасымен әлеуметтік жағынан осал топтар қатарындағы азаматтарға қосымша әлеуметтік қолдау шараларын көрсету мақсатында жоғарыда көрсетілген шешімді бекіту барысында жеңілдіктерге құқылы азаматтар санатының тізбесі көзделді, — деп хабарлады прокуратурадан.
Атап айтқанда, еңбек ардагерлеріне, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, көпбалалы отбасылар мен аналарға, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, жиырма тоғыз жасқа толмаған, кәмелет жасына дейін ата-анасынан айырылған балаларға қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметіне 50% жеңілдік қарастырылған. Жасына байланысты зейнеткерлерге, 2-топ мүгедектеріне және т. б. 25% жеңілдік берілген, ал Ұлы Отан соғысының ардагерлері қалдықтарды шығару үшін төлем жасаудан толықтай босатылды.
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл жеңілдіктерді 4 мыңнан астам адам, яғни жергілікті халықтың 34 пайызы пайдалана алады. Қазіргі таңда қалдықтарды шығару қызметін көрсететін кәсіпорын жеңілдігі бар азаматтардан қажетті құжаттарды қабылдау жұмысын бастап кетті.
Бұған дейін хабарланғандай, Шығыс Қазақстанда 7 баласына алимент төлемеген әйел сотталды.