ШҚО-да биыл 140 мыңға жуық адамның зейнетақысы өсті

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында биыл 140 мыңға жуық адамның зейнетақысы артты.

Абай облысында зейнеткерді мазақ еткендер ұсталды
Фото: pixabay

Елімізде осы жылдың басынан бері «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға сәйкес базалық зейнетақы 7%-ға, ынтымақты зейнетақы 9%-ға ұлғайды.

Бұл өзгеріс Шығыс Қазақстандағы 137 482 зейнеткерді қамтыды.

Облыс бойынша мүгедектігі бойынша жәрдемақы алатын 19 784 адамға, асыраушысынан айырылған 8 731 адамға, арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алатын 18 478 адамға, баласы 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша жәрдемақы алатын 1 755 анаға, 7 973 көпбалалы отбасына, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқасымен марапатталған 3769 көпбалалы анаға берілетін төлемақы мөлшері де өсті.

«1, 2 және 3 бала туған кезде біржолғы жәрдемақы 131 100 теңгеден 140 296 теңгеге дейін, төртінші және одан да көп балаға — 217 350 теңгеден 232 596 теңгеге дейін артты. I топтағы мүгедектігі бар адамға берілетін жәрдемақы 89 248 теңгеден 95 496 теңгеге дейін, II топтағы жәрдемақы — 71 398 теңгеден 76 397 теңгеге дейін, III топтағы жәрдемақы — 48 681 теңгеден 52 089 теңгеге дейін ұлғайды. Бұдан бөлек, мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар 7%-ға өсті», — дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ ШҚО бойынша филиалы директорының орынбасары Айжан Ағыбаева.