Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

ШҚО-да биыл 50 адам қызылшамен ауырды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында 2026 жылдың басынан бері қызылшамен ауырғандар саны бес есе төмендеді.

АҚШ-та қызылша жұқтыру дерегі соңғы 33 жылдағы ең жоғары деңгейге жетті
Фото: freepik.com

Бұл туралы ШҚО Cанитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен мәлім етті.

Өткен жылы өңірде қызылша ауруы кең тараған болатын. Ал осы жылдың алғашқы алты айында өңірде 50 жағдай тіркелді. Былтыр осы кезеңде 248 адам қызылшамен ауырған еді.

- Биыл да науқастардың басым бөлігі балалар болып отыр (33 жағдай). Өткен жылдың алғашқы жартыжылдығында қызылшаға шалдыққан балалар саны 156 болған. Қызылша жұқтырғандардың 28-і Өскемен қаласының тұрғындары. Екінші орында Тарбағатай ауданы (15 жағдай) тұрса, Алтай және Зайсан аудандарында екі адамнан қызылша жұқтырған. Қалған бір жағдайлар Риддер қаласы, Глубокое және Ұлан аудандарында анықталған, - делінген ақпаратта.

Тіркелген 50 жағдайдың 23-і әртүрлі себепке байланысты вакцина алмаған адамдар арасында болған. Оның ішінде жеті бала вакцина салдыратын жасқа толмаған. Сегіз жағдайда ата-аналар вакцинаға үзілді-кесілді қарсы болып, балаларына екпе салдырудан бас тартқан.

Бір жасқа дейінгі балалардың 39,3 пайызы қызылшаға қарсы вакцинаның алғашқы дозасын алған. Ал алты жастағы балалардың 37,3 пайызы вакцинаның екінші дозасымен қамтылған.

Уақытылы вакцина алмаған тұрғындарды қызылшаға қарсы иммундау жұмыстары да жалғасып жатыр. Қосымша иммундау аясында биыл 7-18 жас аралығындағы балалардың 46,6 пайызы вакцина алды.

Еске салсақ, осыған дейін БҚО-да қызылшамен ауырған 270-тен астам адамның басым бөлігі екпе алмағаны хабарланған.