ШҚО-да биыл интернет-алаяқтыққа қатысты 900-ден астам қылмыс тіркелді

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері интернет-алаяқтыққа қатысты 900-ден астам қылмыс тіркелген. Тұрғындарға келтірілген шығын 2,5 млрд теңгеден асты.

ШҚО-да биыл интернет-алаяқтыққа қатысты 900-ден астам қылмыс тіркелді
Фото: ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, алаяқтар көбіне телефон қоңыраулары, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді пайдаланады. Өздерін банк немесе полиция қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарды «қауіпсіз шоттарға» ақша аударуға, SMS-кодтар мен құпиясөздерді айтуға көндіреді. Сондай-ақ жалған инвестициялық жобалар мен фишингтік сілтемелер арқылы да алдайды.

— Зардап шеккендердің 32,5 пайызы — жалдамалы қызметкерлер, 25 пайызы — өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, 19 пайызы — зейнеткерлер. Биыл банк карталары мен шоттарын заңсыз ақша аударымдарына пайдалануға берген 24 адам жауапқа тартылды. Олардың есепшоттары арқылы 13 млн теңгеден астам қаражат өткен. Қылмыстық кодекстің 232-1-бабында бұл әрекет үшін жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, — делінген ақпаратта.

Жыл басынан бері Telegram арқылы жасалған 300-ге жуық қылмыс тіркелді. Қазақстан мен Украина Ішкі істер министрліктерінің бірлескен операциясы барысында Украина аумағында қазақстандықтарға қоңырау шалып, алаяқтық жасаған колл-орталықтардың ұйымдастырушылары ұсталды. Шығыс Қазақстанда олардың әрекетінен зардап шеккен алты адам анықталған. Қазір тергеу жалғасып жатыр.

— Өңірде киберқылмыстың алдын алу шаралары күшейтілді. ІІМ-нің 2026-2028 жылдарға арналған бағдарламасы аясында төрт республикалық жедел-профилактикалық іс-шара өткізіліп, 86 қылмыс ашылды. Жәбірленушілерге 36 млн теңге қайтарылды, — делінген хабарламада.

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-дағы алтын кен орнына қатысты аса ірі көлемдегі алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатқаны хабарланған.