ШҚО-да бір аптада 38 жасөспірім әкімшілік құқық бұзушылық жасаған

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары кәмелетке толмағандардың алкоголь, есірткі және психотроптық заттарды тұтынуының алдын алу, қылмыс жасауының жолын кесу мақсатында рейд жүргізді.
«Бір аптада полиция қызметкерлері 67 баланы, 93 заңды өкілді тұрғылықты жері бойынша тексерді. Оларға профилактикалық мақсатта құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетілді. Сондай-ақ рейд барысында 38 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 5 жасөспірім ұсақ бұзақылық жасаса, ішімдік ішкен екі баланың ата-анасы жауапқа тартылды. Түнгі уақытта әке-шешесінің қарауынсыз көшеде жүрген 30 бала тіркелді», - делінген ақпаратта.
Кәмелеттік жасқа толмағандардың ойын-сауық мекемелерінде жүру жағдайы да анықталды. Мәселен, Семей қаласында сағат 22.00-ден кейін 18-ге толмаған баланы ішке кіргізген осындай мекеменің әкімшісіне айыппұл салынған. Сонымен қатар баланың ата-анасы да жауапқа тартылды.