ШҚО-да бір аптада 61 адам көлікті мас күйде айдаған

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 12-18 наурыз аралығында өткен «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасының қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да бір аптада 61 адам көлікті мас күйде айдаған

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 7 күнде полиция қызметкерлері ізін суытпай 198 қылмысты, бұрын жасалған 90 қылмысты ашып, іздеуде жүрген 21 күдіктіні қолға түсірген.

Шара барысында 10 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық фактісі анықталды. Оның ішінде ұсақ бұзақылық – 1292, қоғамдық орындарға мас күйде келу – 1 608, үйде тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжатсыз тұрғаны үшін 1292 адам жауапқа тартылды.

«7 күн ішінде көлік құралын мас күйде басқарған 61 жүргізуші ұсталды. Сондай-ақ көлік жүргізу құқығынан айырылса да рульге отырған 3 адам жауапқа тартылған. Ішкі істер органдарында профилактикалық есепте тұрған 9 000-нан астам азамат тұрғылықты жері бойынша тексерілді», - деді ШҚО ПД жергілікті полиция қызметінің бастығы Талғат Нұриев.

Бұдан бөлек, облыс полицейлері есірткі заттарын сақтаудың 18 фактісін анықтаған. Марихуананың 135-ке жуық бірреттік дозасы тәркіленді.