ШҚО-да бір күнде 7 өрт сөндірілді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат –Шығыс Қазақстан облысында бір күннің ішінде 7 өрт сөндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да бір күнде 7 өрт сөндірілді

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 24 желтоқсанда сағат 18.52-де Зубовск ауылындағы Привокзальная көшесінде жер үйдің ауласындағы гаражда өрт шыққан. Оқиға орнына келіп жеткен өрт сөндірушілер жалпы ауданы 18 шаршы метрге жеткен тілсіз жауды ауыздықтады. Жалынның шығу себебі – электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауынан болуы мүмкін.

Сол күні сағат 20.00-шамасында Тарбағатай ауданы Құйған ауылындағы жер үй төбесінің ағаш құрылымдары, қабырғасы, жиһаз бен жеке заттар өртенген. Оттың жалпы аумағы 80 шаршы метрді құрады.


Сағат 22.23-те Алтай қаласында жеке тұрғын үй маңындағы шаруашылық қора-жайларда өрт шыққан. Осының салдарынан 4 тонна шөп жанып кетті. Өрттің шығу себебі – отпен абайсыз әрекет етуден немесе қасақана өртеуден болуы ықтимал. Ал Катонқарағай ауданында болған моншадағы өрттің аумағы – 15 шаршы метр.


Бұдан бөлек, Өскемендегі Согринская көшесіндегі жер үй шатырының ағаш құрылымдарын, қораны және көрші үйдің жазғы асүйін жалын шарпыған. 100 шаршы метрге тараған тілсіз жауды ауыздықтауға 1 сағатқа жуық уақыт кетті. Өрттің шығуына отпен абайсыз әрекет ету себеп болуы ықтимал. Сондай-ақ өрт сөндірушілер Семей қаласындағы жер үйдегі қызыл жалынды өшірді. Алдын ала мәлімет бойынша, өрттің шығуына пешті пайдалану кезіндегі өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы себеп болған.