ШҚО-да бір жастан асқан сәбилер балабақшамен 98 пайызға қамтылған

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында бір жастан асқан бүлдіршіндердің балабақшамен қамтылуы 98 пайызға жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да бір жастан асқан сәбилер балабақшамен 98 пайызға қамтылған

ШҚО Білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша бір жастан алты жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту мақсатында бірқатар шаралар атқарылған.

«Бүгінгі таңда облыста мектепке дейінгі 790 мекеме бар. Онда 56 700-ге жуық бүлдіршін тәрбиеленуде. Оның ішінде әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы отбасылардан шыққан 3800 сәби балабақшаға тегін барып жүр. Мектепке дейінгі тәрбиемен үш жасқа дейінгі балалардың 98 пайызы, үш жастан алты жасқа дейінгі балалардың 100 пайызы қамтылған», - делінген хабарламада.

Осындай көрсеткішге қол жеткізуге 11 жекеменшік балабақшаның ашылуы себеп болған. Соңғы бір жылдың ішінде 1588 жаңа орын ашылды.