ШҚО-да биыл 12 мыңнан астам отбасы мемлекеттік жәрдемақы алады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - 2020 жылы Шығыс Қазақстан облысында табысынан бөлек, бала санына қарай белгіленген мемлекеттік жәрдемақыдан 12 525 көпбалалы отбасы үмітті болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да биыл 12 мыңнан астам отбасы мемлекеттік жәрдемақы алады

Айта кетсек, 2020 жылдан бастап кәмелеттік жасқа толмаған 4 немесе одан да көп баласы немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы тағайындалды. Жаңа жәрдемақы отбасының табысына емес, тәрбиелеп отырған балаларының санына қарай 4 балаға – 42 496 теңге, 5 балаға – 53 127 теңге, 6 балаға – 63 757 теңге, 7 және одан да көп балаға 74 388 теңгеден төленеді.

«Шығыс Қазақстанда алдын ала жасалған есептеу бойынша 12 525 отбасыға мемлекеттік жәрдемақы тағайындалмақ. Өңірде төрт бала тәрбиелеп отырған 8 мыңнан астам, бес балалы 3 мыңға жуық, алты балалы мыңнан астам отбасы тіркелген. Ал 7 баласы бар жанұя саны 300-ге жетеді», – деп хабарлады ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының баспасөз хатшысы Жанар Асылханова.

Еске сала кетсек, жыл басында ҚР Президенті Әкімшілігі қоғамдық қабылдауының Telegram парақшасы 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген әлеуметтік саладағы кейбір өзгерістерді түсіндірген болатын.