ШҚО-да биыл 300-ден астам дала өрті шықты
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Биыл Шығыс Қазақстан облысының барлық ауданында шөп өртенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, биыл облыстың барлық ауданында шөп өртеніп жатыр. Өрт қаупі жоғары кезең басталғалы бері 300-ден астам дала өрті шыққан. Қызыл жалынның жалпы ауданы 242 гектарды құрады.
«Өрт жағдайын бақылау үшін құтқарушылар космомониторингті пайдалануда. Оның деректерін «Қазақстан Ғарыш Сапары« ҰК және « Geosat« ЖШС жылу нүктелері бойынша алуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда ғарыш технологиясының көмегімен құтқарушылар талай өрттің таралуына дер кезінде тосқауыл қойды», - делінген хабарламада.
Нақты айтқанда, 2022 жылдың сәуір айынан бастап 640-тан астам жылу нүктесі анықталған.
«Өрт сөндірушілер полицейлермен, орманшылармен және жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бірлесіп, өрт қауіпсіздігінің сақталуын бақылау үшін тұрақты түрде профилактикалық рейдтер жүргізуде. Өңірде құрылған 44 мобильді топ биыл 40 адамды жауапқа тартты», - делінген ақпаратта.


