ШҚО-да биыл 36 медициналық мекеменің құрылысы басталады
ШҚО әкімдігінде әлеуметтік нысандар құрылысы бойынша жиналыс өтті. Биыл облыс ауылдарында 36 медициналық мекеменің, нақты айтқанда отбасылық-дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттердің құрылысы басталады.
«Барлық жобалық-сметалық құжаттамалар дайын, сараптамадан өтті. 14 нысанға тендер жарияланды. Облыстық хирургия және онкология орталығының қосымша ғимаратын салу мәселесі менің бақылауымда. Бұл жерде қатерлі ісік пен басқа да ауруларды ерте кезеңде диагностикалауға мүмкіндік беретін ПЭТ-КТ орналасады. Негізгі шарт - науқастарға қолайлы жағдай жасау», - дейді аймақ басшысы Даниал Ахметов.
Білім беру саласында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 10 мектеп салынбақ. Оның бесеуі Өскеменде, ал Шемонаиха, Риддер қалалары мен Белоусовка, Опытное поле және Прапорщиково кенттерінде бір мектептен салынады.
Бұдан бөлек, облыстық бюджет есебінен тағы 7 білім беру нысаны бой көтермек.