ШҚО-да биыл 82 мыңға жуық адам жүргізуші куәлігін алды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – «Азаматтарға арналған үкімет» ШҚО филиалының мамандары жүргізуші куәлігін алудың 5 қадамын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да биыл 82 мыңға жуық адам жүргізуші куәлігін алды

«Алдымен білім алу үшін оқу курсын таңдауыңыз қажет. Жол қозғалысы ережелерінің теориясын өз бетіңізше де меңгеруге болады. Бірақ көлік жүргізу сабақтарын міндетті түрде нұсқаушымен өтіңіз. Екінші қадам – құжаттар жинау. Қажетті құжаттар – жеке куәлік, 073 үлгісіндегі медициналық анықтама, автокурсты бітіргені туралы куәлік және мемлекеттік баж салығын төлегеніңіз туралы түбіртек», - деп хабарлады филиалдың баспасөз қызметі.

Мемлекеттік баж мөлшері – 1,25 АЕК-ті құрайды. Үшінші қадам – теориялық емтихан.

«40 минут ішінде 40 сұрақтың 32-сіне дұрыс жауап берсеңіз, емтиханды сәтті тапсырғаныңыз. Кейін автодромда практикалық емтихан өтуіңіз қажет. Мұнда көлікпен 12 жаттығуды орындауға 20 минут уақыт беріледі. Соңғысы – дайын құжатты алу. Екі емтиханды да сәтті тапсырсаңыз, сізге жүргізуші куәлігі беріледі. Ал жүргізуші куәлігін ауыстыру тіпті оңай. Электронды порталда өтінімге фотосурет және қолтаңбаның сканерленген суретін қоса жүктейсіз. Жеке кабинетте құжаттың дайын екендігі туралы хабарлама алғаннан кейін мамандандырылған ХҚО-ға барып тек дайын жүргізуші куәлігін алып кетесіз», - делінген ақпаратта.

Айта кетейік, жыл басынан бері облыстың мамандандырылған ХҚО-лары арқылы 82 мыңға жуық адам жүргізуші куәлігін алған.