ШҚО-да биыл аудиологиялық скринингтен өткен 18 мыңнан астам баланың 15-інде сырқат анықталды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері аудиологиялық скринингтен өткен 18 мыңнан астам баланың ішінен 15-інде сырқат анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, балалардың медициналық көмекке қолжетімділігі мәселесі басты назарда. Әсіресе шала туған шақалақтарды неонатальды тексерудің маңызы зор.
«Биыл барлығы 2200 шақалақ осындай тексеруден өтті. Оның ішінде біреуінде фенилкетонурия ауруы анықталды. Бұл амин қышқылдары мен оның метаболиттерінің физиологиялық сұйықтықтар мен тіндерде жиналуымен, кейіннен орталық жүйке жүйесінің ауыр зақымдануымен сипатталатын туа біткен патология. Фенилкетонурия жаңа туған 10 мың нәрестенің тек біреуінде ғана кездеседі», - дейді басқарманың Ана мен баланы қорғау бөлімінің басшысы Айжан Қомшабаева.
Облыс бойынша 18 034 жаңа туған нәресте мен алты жасқа дейінгі бала аудиологиялық скринингтен қамтылған. Оның ішінде есту қабілетінің 1-2 дәрежелі төмендеуімен 13 бала, 3-4 дәрежелі төмендеуімен екі бала тіркелді. Үш жасқа дейінгі 11 478 бала психофизикалық даму бұзылыстарын ерте анықтау мақсатында тексерілді. Балалардың 1 пайызында бұзушылықтар анықталды.
Сондай-ақ шала және өте аз салмақпен туған 73 шақалақ ретинопатияға офтальмологиялық скринингтен өтті. Олардың үшеуіне көрсеткіштері бойынша хирургиялық ем жасалды.