ШҚО-да биыл бұралқы иттерден 300-ге жуық адам зардап шекті

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері иесіз иттерден 300-ге жуық адам зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да биыл бұралқы иттерден 300-ге жуық адам зардап шекті

ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, биыл өңір бойынша 400-ге жуық адам түрлі жануарлардан зардап шеккен.

Оның ішінде иесіз ит қауып алғандар саны ең көп. Барлығына құтырмаға қарсы екпе салынды.

«Иттерден – 270 адам, мысықтан – 97 адам, қасқыр мен түлкіден – 1 адамнан зардап шекті. Оның ішінде құтыру ауруы тіркелген жоқ. Облыстың барлық аудан-қаласында бұл ауруға қатысты тәуекел тобындағы азаматтарға жоспарлы түрдегі вакцина салу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта 65 адам екпе алды», - дейді департамент басшысының орынбасары Сәуле Слямғазина.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте бұралқы иттердің адамдарға шабуыл жасауына жол бермеу керектігін айтқан еді.