ШҚО-да биыл мемлекеттік қызметкерлерге қатысты тәртіптік істер 2 есе азайды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесте мемлекеттік қызметкерлерге қатысты қаралған тәртіптік істер 2 есе азайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері Әдеп жөніндегі кеңес 6 отырыс өткізіп, онда 39 мәселе қаралды.
«Өткен жылмен салыстырғанда мемлекеттік қызметкерлерге қатысты тәртіптік істер 2 есеге, нақты айтқанда 57 пайызға азайды. Бұл жүргізіліп жатқан профилактикалық шаралар тиімділігінің артқанын көрсетеді», - дейді департамент басшысы Нұрлан Еркебаев.
Оның айтуынша, биыл мемлекеттік қызмет саласы бойынша барлығы 214 өтініш келіп түскен. Анонимді түрде жасалған өтініш болған жоқ.
«12 адамның өз өтінішін қайтарып алуына байланысты іс тоқтатылды. Сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша мемлекеттік мекемелерге 54 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 17 адамның құқығы қорғалды», - дейді Н.Еркебаев.