ШҚО-да биыл мыңға жуық өрт шығып, 33 адам көз жұмды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында төтенше жағдайлар комиссиясының кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаевтың төрағалығымен өткен комиссия отырысында бірқатар өзекті мәселе қаралды. Оның бірі – алдағы жылыту маусымында тұрғын үйлердің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Жыл басынан бері облыста 950 өрт тіркелген. Қызыл жалын шарпыған жер үйлердің саны 582-ні құрап отыр. Тілсіз жаудан 33 адам мерт болып, иіс тиген 56 адам ауруханаға жеткізілді. Көп жағдайда өрттің шығуына – отты абайсыз қолдану (249 оқиға), пеш пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамау (160), электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану ережелерін бұзу (81) себеп болуда.
«Жылыту маусымына дайындық жұмыстары шілде айында басталған. Облыс бойынша барлығы 238 110 жеке тұрғын үй бар. Өрт оқиғаларын болдырмас үшін халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Құтқарушылар әсіресе әлеуметтік осал топтағы 8172 отбасыға ерекше назар аударған», - делінген хабарламада.