ШҚО-да биыл өндіріс орындарында 23 жазатайым оқиға болды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері өндіріс орындарында 23 жазатайым оқиға болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша 2023 жылдың басынан бастап өндірісте 23 жазатайым оқиға болған. Соның салдарынан 1 адам көз жұмып, 23 адам жарақат алды.
«Басқарма қызметкерлері тарапынан өндіріс орындарында 157 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 282 заңбұзушылық анықталды. Оның ішінде еңбек қатынастары бойынша - 177, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша - 82. Мекеме басшыларына 85 нұсқама беріліп, 62 жұмыс берушіге 10,1 млн теңге сомасында айыппұл салынды», - дейді басқарма басшысы Бақытбек Қизатов.
Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстандағы 25 кәсіпорын «Visionzero» нөлдік жарақаттану тұжырымдамасына қосылған. 14 кәсіпорында «Халықтық бақылау» жобасы енгізілді. Онда денсаулық жағдайы бойынша қауіпсіз жұмыс жүргізуді бақылау және персоналды қауіпсіз еңбек тәсілдеріне оқыту бойынша жұмысқа ауыстырылған 64 адам жұмыс істейді.