ШҚО-да биыл заңсыз ағаш кескен 40-тан астам адам жауапқа тартылды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері заңсыз ағаш кескен 43 адамға айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты Дмитриевка орманшылығындағы ерекше қорғалатын аумақта ағаш кескен адам ұсталды. Ол 5 қарағай ағашты заңсыз кесіп, мемлекетке 40 000 теңгеден астам материалдық залал келтірген.
Аталған факті бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 381-бабы 3-бөлігіне сәйкес әкімшілік іс қозғалып, Бородулиха аудандық сотына жолданды.
«Жыл басынан бері табиғат қорғау полициясының қызметкерлері заңсыз ағаш кесу фактілеріне жол бермеу мақсатында 98 рейд өткізді. Соның нәтижесінде 43 адам әкімшілік жауапқа тартылды. 141,8 текше метр ағаш тәркіленген. Мемлекетке келтірілген залалдың жалпы мөлшері 5 млн теңгені құрады», - деп хабарлады ведомство өкілдері.