ШҚО-да биыл жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан 23 баланы көлік қаққан

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 2021 жылдың басынан бері жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан 23 баланы көлік қаққан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша жол апатынан жарақат алып жатқан оқушылар аз емес.

Биылдың өзінде жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан 23 баланы көлік қағып, оның біреуі көз жұмған.

Осыған орай тәртіп сақшылары «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу шарасы аясында мектеп оқушыларымен бірлесіп, жылжымалы фотокөрме ұйымдастырды.

«Өскемен қаласының орталық көшелерінде көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерге жол қозғалысында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігі түсіндірілді. Бұл мақсаттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Айта кетейік, өңір бойынша «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу шарасы 20 мамырда басталған.


Соңғы жаңалықтар