ШҚО-да биыл жеке кәсібін бастағысы келгендерге 174 грант берілмек
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жеке кәсібін бастағысы келгендерге осы жылы 174 грант беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аймақ басшысы Даниал Ахметовтың айтуынша, халықты әлеуметтік қолдау үшін кәсіпкерлікті дамыту қажет. Осы мақсатта өңірде биыл бірқатар шара атқарылады.
«Өз ісін бастағысы келген азаматтардың бизнес-идеяларын жүзеге асыруға арналған мемлекеттік гранттар мөлшері 400 АЕК-ке дейін өсті. 2022 жылы 174 адам грантқа қол жеткізе алады. Оның ішінде 89-ы жастар болмақ. «Электронды еңбек биржасы» порталының мүмкіндіктерін пайдалану, жұмыссыздарды цифрлық сауаттылыққа оқыту нәтижесінде бес мыңнан астам тұрғын жұмысқа орналастырылады», - деді ол.
Бұдан бөлек, жұмыс берушілердің қажеттіліктеріне сәйкес 217 жұмыссыз адамды оқыту жоспарлануда. Оның ішінде 66 азамат жұмыс берушінің жұмыс орнында оқудан өтеді.