ШҚО-да биылғы жылыту маусымында өрттен көз жұмғандар 16% артты

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында биылғы жылыту маусымында өрттен көз жұмғандар 16%-ға артты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс бойынша биылғы жылыту маусымы басталғалы бері жеке тұрғын үй секторында 181 өрт шыққан. Бұл өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 2,1%-ға аз.

«Алайда тілсіз жаудан адам өлімі 16%-ға артып отыр. 50% жағдайда қаза болғандар алкогольді ішімдік ішіп, өрт шыққанда сыртқа шығып үлгермеген. Абырой болғанда, өрттен бала өлімі болған жоқ», - делінген ақпаратта.

Көміртегі тотығынан уланғандар саны 37%-ға өсті. Жазатайым оқиғалардың негізгі себептері - пеш пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау, пештегі жарықтар және бітелген мұржа.

«Өрттің алдын алу үшін ТЖД мамандары жеке тұрғын үй секторында рейд жүргізіп, 160 000-нан астам ауланы аралап шықты. Нәтижесінде, 40 012 үйде 42 820 өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы анықталды. Бұзушылықтардың көбісі жылыту жүйелерін, электр желілері мен электр жабдықтарын дұрыс пайдаланбауға байланысты», - делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар
telegram