ШҚО-да боранға тап болған адам 16 сағат бойы далада адасып жүрген
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында боранда жалғыз қалған адам 16 сағат бойы далада адасып жүрген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 5 қаңтар сағат 15:10-да Шемонаиха аудандық полиция бөліміне ер адамның жоғалып кеткені жайлы хабар түскен.
«Белгілі болғандай, 37 азамат 5 қаңтарда таңғы сағат 04:00 шамасында Усть-Таловка ауылынан көршілес Заречное ауылындағы үйіне жаяу жол тартқан. Алайда 9 сағат өтсе де үйіне жетпеді. Оның қайда жүргені белгісіз болған. Ер адам тек туыстарына қоңырау шалып, боранның салдарынан адасып кеткенін, бір бағананың жанында айналып жүргенін, одан басқа ештеңе көрмейтінін және телефонның қуаты таусылайын деп тұрғанын хабарлаған», - делінген ақпаратта.

Іздеу жұмысына полиция бөлімінің барлық жеке құрамы, құтқарушылар, аудан әкімдігінің қызметкерлері және қарда жүретін көлігі бар Усть-Таловка ауылының тұрғыны Евгений Павлов тартылған.
Сағат 20:00-де тәртіп сақшысы Айбек Нағұманов пен Евгений Павлов Усть-Таловка ауылынан 1,5 шақырым жерде адасқан азаматты аман-есен тапты.
Айта кетейік, Шемонаиха аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұржан Түгелов Айбек Нағұманов пен Евгений Павловқа алғыс айтып, грамотамен марапаттады.
Фото: ШҚО полиция департаменті