ШҚО-да бораннан үйлеріне қайта алмай қалған спортшы балаларға құтқарушылар көмектесті

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында ауылға жарысқа барып, ақтүтек бораннан Өскеменге қайта алмай қалған 8 спортшы бала мен екі бапкерге құтқарушылар көмекке келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да бораннан үйлеріне қайта алмай қалған спортшы балаларға құтқарушылар көмектесті

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, құтқарушыларға Глубокое ауданы Топчиха ауылындағы балаларға арналған спорт клубтарының бірінде 2 жаттықтырушы мен 8 баланың Өскеменге қайта алмай қалғаны туралы хабар түскен.

«Олар ауа райының қолайсыздығынан ауылдан шығып, қалаға жете алмаған. Спортшылардың өздерімен ала шыққан азық-түліктері де таусылған. Көмекке ТЖД жедел-құтқару жасағының қызметкерлері жол талғамайтын «ШЕРП» техникасымен келді», - делінген ақпаратта.

Құтқарушылар жаттықтырушылар мен балаларды қалаға аман-есен жеткізді. Оларға медициналық көмек қажет болған жоқ.

Осы ретте, облыстық ТЖД қызметкерлері азаматтардан тасжолдардың жабылуына түсіністікпен қарауды, жолға шықпауды сұрайды.