ШҚО-да бір ай бойы іздеуде жүрген алаяқ Ақмола облысында ұсталды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында іздеуде жүрген алаяқты полицейлер Ақмола облысында ұстады.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жәбірленуші көлік сатамын деп сендірген 27 жастағы ер адамға 350 000 теңге берген.
— Алайда алданып қалғанын түсінген полицияға жүгінді. Бір айдан астам уақыт іздеуде болған күдікті Ақмола облысындағы демалыс базаларының бірінде ұсталды. Белгілі болғандай, ол сол жерде жасырынып келген, — делінген ақпаратта.
Қазіргі уақытта ер адам уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Айта кетейік, 2024 жылы Шығыс Қазақстан облысының полицейлері 45 қылмыскерді ұстады. Олардың 19-ы бұрын жасалған қылмыстар үшін іздеуде болған.
Еске салсақ, осыған дейін Абай облысында есірткі таратушылардан құны 20 млн теңгеден асатын мефедрон тәркіленгені хабарланған.