ШҚО-да бір күнде 2 рет қар көшкіні жүрді
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында бір күнде 2 рет қар көшкіні жүрді.

«Қазселденқорғау» мекемесінің мәліметінше, Ұлан ауданындағы облыстық маңызы бар «Өскемен-Самар» тасжолының 101-шақырымында қардың мол жаууына және желдің күшеюіне байланысты қар көшкіні жүрді. Жалпы көлемі 370 текше метр қар түскен.
- Зардап шеккен ешкім жоқ. Көшкін жолды жауып тастады. Көп ұзамай «Облшығысжол» ЖШС техникалары жолды тазартты, - деп хабарлады ШҚО төтенше жағдайлар департаментінен.
Екінші көшкін дәл осы тасжолдың 100-ші шақырымында болған. Таудан түскен 750 текше метр қар жолды жауып қалған. Қазіргі уақытта жол ашылып, көлік қозғалысы қамтамасыз етілген.
Еске салсақ, осыған дейін БҚО-да көктемгі су тасқынына қарсы дайындық қызу жүріп жатқаны хабарланған.