ШҚО-да бір күнде 70-тен астам көлік қар құрсауында қалған
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары бір күнде 72 көлікті қар құрсауынан шығарды.

Кешелі бері Шығыс Қазақстанда қалың қар жауып, бұрқасын болып тұр. Кейінгі тәулікте өңір құтқарушылары қар құрсауында қалған 72 автокөлікті шығарып, 20 адамды, оның ішінде 4 баланы эвакуациялады.
- Көліктер негізінен «Өскемен-Риддер» тасжолында, «Өскемен-Шемонаиха-РФ шекарасы» республикалық маңызы бар тасжолында, Самара ауданындағы «Өскемен-Тарғын-Самар» тасжолында, Глубокое кентіндегі «Шемонаиха-Секисовка» тасжолында қарға батқан. ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінде тәулік бойы жұмыс істейтін жедел штаб құрылды. Жол қызметкерлері және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, халыққа көмек көрсетіліп жатыр, - деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметінен.
Құтқарушылар жол учаскелерін өтімділігі жоғары техникамен патрульдеп жүр. Тұрып қалған көліктерді тексеріп, жедел түрде қажетті көмек көрсетуде.
Еске салсақ, осыған дейін Риддерде қар көшкінінен кейін халық сусыз қалғаны хабарланған.