ШҚО-да былтыр 60-қа жуық адам баласына вакцина салдырудан бас тартты
ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы өңір бойынша 58 ата-ана баласына вакцина салдырудан бас тартқан. Алайда 2021 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш біршама азайды.
«Бас тартулардың 47%-ы жеке себептерге қатысты болса, 17%-ы вакцинаға сенімсіздікке байланысты. Мұндай жағдайлардың көбісі Өскемен қаласында тіркелген. Одан кейін Глубокое мен Алтай аудандары тұр», - дейді департамент басшысының орынбасары Сәуле Слямғазина.
Оның айтуынша, балаларға жұқпалы аурулардың 11 түріне қарсы міндетті екпе салынады. Балаға алғашқы вакцина перзентханада егіледі.
Жаңа туған нәресте бір жасқа дейін туберкулезге, гепатитке, полиомиелитке, көкжөтелге, дифтерияға, сіреспеге, гемофильді инфекцияға, пневмококк инфекциясына, қызылша, қызамық және паротитке қарсы екпе алады.